«Саяси тұтқын» Еркін Қазиев бостандыққа шықты


15/02/2024
14:01 8642 0

Фото: Азаттық радиосы

15 ақпанда таңертең азаматтық белсенді Еркін Қазиев түрмеден босап шықты. Бейсенбі күні таңертең ондаған белсенді оны Астана маңындағы N3 мекеме алдынан қарсы алуды жоспарлаған. Алайда әйелі Роза Кумакованың сөзінше, бейсенбі ерте күйеуін түрмеден шығарып, өзі айтқан мекенжайға жеткізген. 

 

– Түрме қызметкерлері белсенділер жиналады деп қорыққан сияқты. Ерте босатып жіберіпті, – деген Роза Кумакова 15 ақпанда таңертең Азаттық радиосына. 

 

Былтыр сәуірде сот Еркін Қазиевті «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «билік өкіліне күш қолдану»баптары бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бостандығынан айырған еді. Сот Қазиевке үш жыл бойы әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарына әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тақырыптар бойынша материал жариялауға тыйым салды. Үкім бойынша, оның қамауда болған күндері түрмедегі екі күнге пара-пар болып есептеледі. Соны ескергенде, Қазиев түрмеде бір жыл бірнеше ай отырған. 

 

Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Еркін Қазиевті "саяси тұтқын" деп таныған.

 

2022 жылы 4 қаңтарда Еркін Қазиев пен бірнеше азамат Қаскелеңде жан-жағы торланып құрастырылған арбаға өздерін шынжырмен байлап, акция өткізген. Екі адам сол тордың ішінде болған. Қалғандары арбаны итеріп, сүйреген. Олар жергілікті әкімдікке қарай жылжып, «Жаңаөзенді қолдаймыз»«Саяси тұтқындарға бостандық!»деп айқайлаған. Олар әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, акцияны «Қазақстан – үлкен түрме» деп атаған. Көп кешікпей оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ өкілдері келіп, шынжырларды үзіп, акцияға қатысқандарды ұстаған. Ұсталғандардың сөзіне қарағанда, оларды дөрекі күшпен ұстап, арнайы құралдар да қолданған.

 

Азаматтық белсенді Еркін Қазиев бейбіт акцияларға жиі қатысып, билікті сынап, «саяси тұтқындарды» босатуды талап етеді. 2019 жылы қазанда Қазиев «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген айыппен бір жылға бостандығы шектеліп, 100 сағат қоғамдық жұмысқа салынған. Оны «Қазақстанның демократиялық таңдауы»қозғалысын (Астана соты оны «экстремистік ұйым» деп танығанымен, Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атайды) қолдады деп айыптады. Қазиев тағылған айыптарды жоққа шығарады.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

15/02/2024 14:01
8642 0

Уведомление